Сарыағаш курорттық аймағындағы шипажайлардың қызметіне ТӘУЕЛСІЗ баға беру, қызмет сапасына айтылған сыни пікірлерді қарап шығу, саралау, реттеу, ақпаратты бөлісу - Қазақстан Республикасының әрбір азаматының құқы.
Сарыағаш курортының айналасында дау-дамай соңғы жылдары көбейіп келе жатқаны жасырын емес. Оған бірнеше факторлар бар деуге негіз бар.
- мемлекеттік қызмет сапасын бағалау жүйесінің болмауы
- мемлекеттік жолдамамен келушілердің күрт артуына байланысты, демалушылар легінің артуы, соның арқасында қызмет көрсету сапасының төмендеп кетуі
- жекелеген сайттар мен азаматтар тарапынан әлеуметтік желілерге жарнама шығару арқылы, өтірік-шыны аралас ақпараттың таралуы, соның салдарынан бронь қабылдау процесінің бейберекет боп кетуі
- қоғамдық сапаны бағалау ұйымдарының болмауы, халықтың наразылығы мен шағымдарына шынайы жауап ізделген де емес
Осы факторлар жинала келе, қасиетті Сарыағаш минералды суының, Сарыағаш өңірінің, тіптті Түркістан облысының абыройына нұқсан келтіргені бар. Қала берді, облысымыздың турист тарту әлеуетіне де теріс әсерін беріп отыр.
Шипажайлық демалыс барысында тамақтануға, емшараларға, күнделікті қызмет көрсету мен ғимараттардың жай-күйіне байланысты шағымдар жылдан-жылға қордаланып, біздің потенциалды туристеріміз Ташкент шипажайларын, клиникаларын таңдап отыр, қала берді Қазақстанның басқа аймақтарындағы шипажайларды таңдап, тіпті шетелге барып демалуды дұрыс санап жатқандар да артып келеді.
Осы орайда, Сарыағаш курорттық аймағының өсіп-өркендеуі бірінші кезекте мемлекеттің әлеуметтік жолдамасымен келетіндерге тәуелді екендігі, онан кейін Корпоративті клиенттердің көлеміне тікелей байланысты тайға таңба басқандай анық.
Мемлекетімізде бюджет тапшылығы артып келе жатқан кезде, мемлекеттің әлеуметтік жолдамаларға деген сұранысын да азайтатыны анық. Ол жағдайда, жеке демалушыларға деген тәуелділік арта түседі. Ал олар болса Ташкент пен басқа өңірлерге, шетелге баруға әлдеқашан шешім шығарып қойған.
Сонда, осы бизнесте ашықтық, сервисті жақсарту, тұтынушылардың мұң-мұқтажын есіте білетін Мекеме құрмастан, түсетін ақшаның көлемін ғана санап жүре береміз деп ойлайтын басшылар да баршылық...
Алайда, алмақтың да салмағы бар екенін ұмытпаған дұрыс.
***
Біздің рейтинг жүйесі, Демалушыларды ЕСІТЕ АЛАТЫН, өзінің Корпоративті мәдениетін жоғарылатуға ұмтылатын, халықпен АШЫҚ жұмыс істеуге дайын Шипажайлардың қызмет деңгейін көтеруге Атсалысуға арналған. Соның арқасында Сарыағаш курортына келетін демалушылар санын ғана емес, жалпы Оңтүстік өңірге келетін туристер санын арттыруға да ықпал жасайды.
Ал, ашық жұмыс жасағысы келмейтін, мемлекеттік жолдаманы алу үшін мұның бірі де керек емес, корпоративті клиенттерім барда мұртымды балта шаппайды, керек болса, ханға сәлем бермейм дегендерге айтар сөзіміз жоқ.
Бәріне уақыт төреші.
***
Осы орайда, ашық жұмыс жасаудың артықшылықтарын айта кетсем.
- Мекемеңіздің сервисіндегі осал тұстары ашылып көрсетіледі, оны жөндеу арқылы Прогрессивті ұйым деген атаққа ие боласыз. Бәсеке өршіп тұрған бұл заманда, керек-ақ дүние.
- Аталған кемшіліктерді түзетіп, олардың енді қайталанбайтынын көпшілікке көрсету арқылы халықтың сеніміне ие боласыз. Соның әсерінен келушілер саны да артады.
- Мемлекеттік тексеруші органдар мен Корпоративті сектордың менеджерлері, шипажай қызметіне қатысты айтылған Пікірлерді іздеп, саралап барып Келісімшарт жасасатын болады, бұл дегеніңіз бәсекелестеріңізден оқ бойы озық тұруды білдіреді.
- Халық арасында жасаған Қайырымдылық шаралары мен Әлеуметтік көмек көрсеткен сәттеріңіз (PR акцияларыңыз) ашып көрсетіліп, Қоғам үшін қызмет ететін ұйым ретінде таныласыз.
Мекеме қызметі туралы пікірлерді елеп-ескермей, Корпоративті мәдениетті көтермей, ендігі жерде шипажай бизнесіне демалушы тарту жылдан-жылға қиындай береді.
Мемлекеттің әлеуметтік жолдамаларын бөлу кезінде де шипажайдың рейтингтеріне қарай рұқсат беру, лицензиялау кезінде де рейтингтер қаралатын кездер келіп те қалды.
Сондықтан, барлық шипажай басшылығын Заман талабына ілесе отырып Дамуға шақырамын.
Құрметпен
Шадырманов М.С.








